Анахарсис (Анақарыс) Скифский
Б.з.д. V-VI ғасырлар
Әлемдiк тарихта есiмi “Анахарсис Скифский” деген атпен қалған, сақтар мемлекетiнiң әйгiлi ойшылы. Ғалымдардың пікірінше, Анақарыс б.д.д. 620-555 жылдары өмiр сүрген, скифтердi ата-бабасынан билеп келе жатқан хан тұқымы. Нағыз қаракөгі үзiлмеген тектен тараған. Шешесi грек қызы. Сондықтан да Элладаның тiлiн үйренiп өскен. Өнерге, әсiресе сөз өнерiне ерекше құмартып, билердiң шешендiк кеңесiне қатысып, тыңдап, өзi де билiк айтып ер жеткен. Элладаның шежiрешi тарихшыларының, философтарының, мемлекет қайраткерлерiнiң еңбектерiн өз бетiнше оқып, танысқан. Әсiресе, мемлекеттiк құрылым және заң арқылы басқару жүйесiне ерекше қызығып, соны бiлуге көңiлi қатты құлайды. Скифтердiң тұрмыс-тiршiлiгiне өзгерiс енгiзуге тырысып, шарқ ұрады. Ақыры, ұшы-қиырсыз скиф даласынан аттанған ханзада әрi дiлмар шешен Анақарыс Қоңырұлы “әлемнiң жетi ғұламасының бiрi” – Солонды iздеп, жыл қайыруымыздан бұрынғы 594 жылы не 568 жылы Эллада елiне бет алған екен.
***
Тән – жанның, жан – жаратқанның аманаты.
***
Сый – жеңгендікі, сөз тергендікі.
***
Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам.
***
Ақыл атасы – ақиқат.
***
Менің бар жамылғым —
сақтың шапаны,
етігім — аяғымның терісі,
төсегім — кең дала,
таңғы асым мен түстігім —
сүт, ірімшік және қуырдақ,
сусыным -cy.
***
Сенің сенгенің —
сыбызғы сырнай мен ақшалы әмияның,
Менің сенгенім —
садақ пен жебе.
Сондықтан да сен — сауықшыл дүниенің құлысың,
ал мен — еркін азаматпын.
***
Сенде жау көп,
ал менің дұшпаным жоқ.
Егерде сен асыл тастарыңды
лақтырып тастап,
садақ пен қорамсақты ғана асынып,
сақтардың ішінде ғана өмір сүрсең,
онда мен сияқты
сен де еркіндікте жүрер едің.
***
Көк аспанда күн күймесі қалай еркін қозғалса, сайын далада скиф керуендері де солай еркін көшіп – қонады.
***
Түндігінен күн нұры тура түскен киіз үйге тастан немесе саз балшық пен ағаштан қаланған қапас кепелер қайдан жетсін!
***
Тіршілік гүлзарында бойыңды балқытар ләззат сыйлайтын да, бақыттан бас айналдырар асқақтық зәрін төгетін де, жан түршіктірер жаманатқа жаралған да «өсімдіктер» кездеседі.
***
Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын – жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы.
***
Жақсылық та – тілден, жамандық та – тілден.
***
Теңізге шыққандар ажалдан өздері мінген кеменің қалыңдығындай ғана қашықтықта жүреді.
***
Ең қауіпті кеме – жағада тұрған кеме.
***
Ақымақтардың арасында ақылды болу да ақымақтық.
***
Шарап ішуден жарыссаң да, шашаңа шаң жұқтырмас жүйрік атанғанға не жетсін, шіркін!
***
Ашуланған адам алдымен өз басына жамандық тілеп алады.
***
Тәтті тағам емес, денсаулыққа пайдалы тағам тәтті.
***
Жолы болғыштардан күш асыру қиынның қиыны.
***
Элладада ақылдылар – сөйлеумен, ақымақтар – іспен айналысатынына таңғалдым.
***
Элладада хас шеберлер сайысына ештеңеден хабары жоқ қарабайырлар төрелік ете беретінін көріп таңғалдым.
***
Әр елдің өз машығы бар: садақ тарту – скифтердің, сыбызғы тарту – эллиндердің сүйікті ісі.
***
Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді. Эзопқа берген жауабым – Диоклға жасаған ишарам.
***
Жалған сөз – желге ұшқан сөз.
***
Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді.
***
Иә, біз де жасағанға құлшылық етеміз. Тек біз онымен адамша сөйлесеміз. Эллиндіктер сүйек пен қарағай үні адам тілінен ұғыныңқы деп есептейді.
***
Даланың заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделген.
***
Скифтер де құдайға құлшылық етеді.
***
Ең жақсы өкімет – ең жақсы азаматтар билік құрған өкімет.
***
Дүниеде уақыттан жасы үлкен ешкім де, ештеңе де жоқ.
***
Бөліп-жарылуды білмейтін жалғыз тұтас нәрсе – ажал.
***
Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.
***
Жақсы жасалған құмырсқаның илеуі мен құстың ұясы да жайлы мекен, жақсы тұраққа жатады.
***
Тірілер көп пе, әлде өлілер көп пе?
***
Маскүнемдікке салынып кетпес үшін ұсқынсыз ішкіш бейнесін ұдайы көз алдыңда ұстаған жөн.
***
Бұл сұрақтың жауабы: теңізде кемеде жүзіп келе жатқандарды қай жағына қосуыңызға байланысты.
***
Абыройды жақсы алатын, жамандық жолда қалатын, қалғаны тең жаратылатын жүйеге негізделген мемлекеттік басқару тәртібіне не жетсін, шіркін!
***
Үй дегеніміз – балташылар мен тас қалаушылардың еңбегінаң ғана емес, үй ішінде тұрып жатқан адамдардың өзара қарым-қатынасының да жемісі.
***
Келген қонаққа достық көңіл, қонақжайлық пейіл таныту – үй иесінің борышы.
***
Әлемде күннің нұрынан асқан ғажайып еш нәрсе жоқ.
***
Бұл дүниедегі алыптың алыбы – дүниенің өзі.
***