ШОҚАН УӘЛИХАНОВ

(1835-1865)

(шын есімі Мұхаммед Қанафия) — қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен. Шоқан 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекетінде қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ордасында (қыстауында) атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол кезде Аманқарағай дуанының (орталығы Қараоба мекені) аға сұлтаны болған. Арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы қыс кезінде Обаған бойындағы Күнтимес ордасында, жазда Есілдің оң саласы Аққанбұрлық алабындағы ата жайлауда өткен. Әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында да балдәурен күндерін өткізген. Шоқанды кадет корпусын бітіріп шығысымен 1853 жылы генерал-губернатор өзіне жәрдемші етіп алады. Генерал-губернатор кеңесінде болу арқылы Шоқан орыстың дворяндық ортасын, офицерлері мен чиновниктерін көп көріп, олардың мақсаты мен істеп отырған істерін байқайды. Орта Азияны, Қырғыз өлкесін зерттеу жұмысымен әуестеніп,1856 жылғы экспедицияға қатысады. Кейін Шоқан Құлжаға, сосын Қашқарияға сапар шегеді. Осылайша Шоқан 1856 жылдан бастап, ұлы саяхат сапарына шығады. 1858 жылы саяхат сапарын сәтті аяқтап, Құлжа, Қашқар өлкелері туралы ғылымға көп жаңалық қосады. Шоқан Еуропа еліне Қашқарияны тұңғыш танытушы, ашушы болып есептеледі. Саяхатшы ғалым Семенов-Тянь-Шанский Шоқанның қабілетін жоғары бағалап, оның Географилық ғылыми қоғамға мүше болуын жақтайды, Петербургке баруды ұсынып, оқы деп кеңес те береді. 1860 жылы Шоқан Петербургке аттанады. Ондағы әр түрлі идеядағы топты кездестіреді, олармен пікір алысады. Көп ізденген Шоқанның Астанада болуы оған үлкен бір мектеп болды. 1861 жылдары ауруы қайта қозып, еліне оралады. Ауруынан біраз сауыға келе, 1863 жылдары Омскіге келіп, әскери қызметке қайта орналасады. Сібір өлкесіндегі қазақ елі үшін жасалып жатқан сот реформасына өз жобасын ұсынады. 1865 жылы әскери қызмет бабымен Жетісу өлкесінде болады. Верныйға келіп, бұл өлкемен де жете танысады. 1865 жылы Шоқан қайта науқастанып, біржола төсек тартып жатып қалады. Асқынған көкірек ауруы Шоқанды 30 жасында, тым жас кезінде арадан алып кетеді. Оның сүйегі Қапал жақтағы қазіргі Алтын Емел стансасы маңына жерленген. Орыс достары оның басына мәрмәрдан ескерткіш құлпытас қойған. 1959 жылы Шоқан қабірінің үстіне оның жас ұрпағы сәулетті мүсін-ескерткіш орнатты.

***

Көшпелі сахаралықтың ішіп-жері де киінері де малмен табылады, жанының тыныштығынан гөрі оған мал қымбат… оның малды қалай қастерлейтінін, бала-шағадан бұрын осы мал амандығын сұрауының өзі-ақ парақ-парақ қып еуропалықтар жазған түсіндірмелерден де артық дәлелдейді…

***

Поэзияға, әсіресе суырып салма ақындығы өнеріне бейімділік – күллі көшпенділер нәсілінің ерекше қасиеті.

***

Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсе бар.

***

Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе…

***

…Қазақ барлық сенім, әдетімен де, ойын-сауығымен де әр кезде де жасаған адамдарының тарихи мәні бар оқиғаларды баяндайтын поэтикалық құны күшті аңыздар, өлең-жырлар жасауымен де, сауыққа құмарлығымен де, халықтық заңның көптеген кодекстерін сақтаумен де, соттық шешімдерімен де, полициялық шараларымен де ең ақылдылардың қатарына қосылады.

***

Дала тұрғындарын басқаша көрініс, басқаша табиғат қоршайды…Жайқалған өзен, кең айдынды тұнық та жарқын, үйрек, қаз, аққулар су бетінде әсем қалықтап жүзеді, қиқулап үн қосады, бірақ бәрі де орынды, жарасымды.

***

Ұшы-қиыры жоқ теңіздей шексіз даланы неше алуан шөп басып, үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай боп жайылады.

***

Сахарада тынысыңыз бір түрлі кеңейіп, ой-өрісіңіз де қанат жаза түседі, онда етек жеңіңді кеңге салып, емін-еркін жүзесіз…

***

Дала көшпенділерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі – жасыл майса дала, ашық мөлдір аспан, көші-қоны көп тұрмыс әсер етпесіне кім кепіл?

***

Түркі тектес халықтардың ішінде поэзиялық қабілеті жағынан қазақ бірінші орын алады деуге болады. Біздің шығысты зерттеуші ғалымдарымыздың арабтар туралы айтқан сөзі қазақтарға дәл келеді. Қазақтар да бәдеуилер сияқы өлеңші және ақын.

***

Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді.

***

Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек.

***

Қазақ даласында не көп – бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер көп. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрафиялық тұрғыдан алғанда қымбатырақ

***

Қазаққа басқа геометриялық пішіндерден гөрі шаршы (квадрат) көбірек ұнаса керек. Өйткені, ол үшін – зат неғұрлым ауқымды болса, соғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, әдетте, атақты һәм бай қазақтардың қабірінің үстінде осындай ескерткіштер тұрғызылады

***

Азамат – кәмелетке жасы толған, үйлі-баранды, өзіне-өзі қожа және туған-туысқандарына күні түсе қоймайтын, жеке шаруа-жайы бар адам

***

Мен, тегі, жанымның қалауы бойынша, «ex professo», романист болуым керек, Егер максимум – жеке адам қабілетінің ең жоғары өлшемі кіршіксіз таза көзқарас, өзгеше өрнектеу машығы, сол сияқты қоғамдық өмірді және жеке адамдар өмірін бар бояуымен, бар қызық-шыжығымен табиғи түрде һәм шынайы көрсете білу болса, өз ойымша, менің еңбектерім бұл талаптарға толық сай және ең бір қатал сындарға да төтеп бере алатын деңгейде тәрізді

***

Әйел табиғатының өзі осындай: тыйым салынған тамырдың дәмін татып, әбден құмарынан шыққанша қинала беруге жаратылған

***

Қазақтардың ұлттық әуендерінің табиғатынан, сөз жоқ, ұлан-ғайыр ұлы даланың, желмен жарысқан жүйрік һәм сұлу тұлпарлардың, таңғажайып көркем әйелдердің әсері сезіледі

***

Қазақ поэзиясы соны, жалықтырмайды және отырықшы халықтарға тән сан алуан жасанды тәртіп-ережелерден мүлдем ада

***

Қай халықтың да поэзиясы сол халықтың өмір салтымен тікелей байланысты

***

Өлеңдер, әпсаналар, мақалдар мен мәтелдер далалық тіршілікті қазақ халқының өмірін жырдай ғып жарқыратып көрсету мақсатымен арнайы жазылған кез келген кітаптан артық ғажап етіп көрсете алады

***

Қазақтар – жақсылықтың қадірін білетін халық

***

Қазақтардың ұшан-теңіз өлең-жырлары, (мен бұл терминді ортағасырлық Еуропа қолданған мағынасында, «Ролланда туралы жыр» тәрізді қабылдаймын), әлдебір дәуірде ақылды бабалары шығарған мәтелдері мен афоризмдері бар

***

Дәрігер науқастың ауруының белгілерін ғана емес, негізгі себептерін білгенде ғана емге, оның жазылып шығатындығына кәміл сеніммен кіріседі

***

Бізде қоғамдық қажеттіліктерді білмейтіндіктен және гуманистік теорияларға тым берілгендік салдарынан дәл осы сәтте мүлдем керексіз жаңалықтар мен реформалар кіргізу өте жиі кездеседі

***

Адамға тән барлық құштарлықтар мен себеп-салдарлардың астарында физикалық және әлеуметтік шарттардың жиынтық әсері жатыр

***

Реформалар дұрыс болғанда ғана, яғни қоғамдық организмнің сау-саламат дамуына мүмкіндік беретін прогресс заңдарына сүйенгенде ғана сәтті болады

***

Күшпен таңылған, сол сияқты өмірмен байланысты шамалы бос теорияларға негізделген немесе басқа халықтың тәжірибесінен көзсіз көшіріп алынған реформалардың ешқайсысы да осыған шейін адамзатқа зор қайғы-қасіреттер әкелгеннен басқа ештеңеге жарап жарытқан емес.

***

Реформа мәселесі қашан да ерекше сақтықты және айрықша терең пайымдауды қажет етеді. Өйткені, ол халықтың «болу – болмауына» қатысты жайларға әсер етуі мүмкін

***

Ресей империясының құрамына кіретін шет жерлік тайпалар арасында саны жағынан да, байлығы бойынша да және шынын айтсақ, ертеңге деген үміті жөнінде де бірінші орын біздерге, қазақтарға тиесілі. Біз бірегей ұлан-асыр, кең байтақ өлкені жеке жайлап жатырмыз, ал өзге кірме жұрттардың бәрі орыстардың арасында шашырап кеткен

***

Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі

***

Біздің халқымыздың шығыстық үлгілерден гөрі, үнді-герман эпосына жақындау бай ауыз әдебиеті бар

***

Қазақтар өз дауларын әдетте сырттан шақырылған билерге, мүлдем бейтаныс адамдарға шешкізгенді ұнатады

***

Қазақ арасында би атану халықтың сайлауы немесе халыққа билік жүргізу үкімет тарапынан бекіту тәрізді ешқандай ресми рәсімдерге негізделмеген. Мұндай абыройлы атаққа ие болуға тек сол салт-жоралғылары саласында жан-жақты терең білімі және аса жарқын шешендік өнері бар қазақтар ғана құқылы

Қазақ аңыздарындағы Абылай хан образы айрықша поэтикалық ореолаға ие. «Абылай заманы» – қазақтың рыцарлық дәуірі деп саналады

***

Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі

***

Қазақты түрік пен моңғолдың қоспасы десе де болады: бірінің тілінде сөйлесе, екіншісінің бет-пішінін алып жүр.

***

Қазақ даласында моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүрген халықтар түрік тектес болған

***

Қазақ ордаларының тілінде ешбір айырмашылық жоқ

***

Қазақ тілінің арғы атасы – көне түркі тілі

***

Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, принциптілік, сайып келгенде, осы қасиеттердің бәрі де халықтың тұрмыс – салты мен ұлттық мінезінен шығады.

***

Қытайда ақыл – ойдың тұрағы асқазан саналады: яғни, қарның неғұрлым қампиған болса, ақылың да соғұрлым молырақ болғаны.

***

Этнография үшін ұлттық жазу жәдігерлерін оқып – үйренудің ерекше маңыздылығын ғалымдар баяғыда – ақ байқаған. Мұндай бағалы ескерткіштерде халықтың тұрмыс – салты мен мінез – құлқы айрықша айқын көрініс табады.

***

Көнені қастерлеу сезімі мен аңыз-әпсаналар байлығы – Солтүстік және Орта Азия көшпелілерінің өзгеше қазыналары қатарына жатады. Олар әдет- ғұрыптық және генеалогиялық аңыздар ретінде көпті көрген көнекөз қариялар жадында сақталып, эпос түрінде – өздері бір өзгеше сословие өкілдеріне жататын өлеңшілер арқылы ұрпақтан ұрпаққа тарайды.

***

Орта Азияның ежелгі халықтарының әпсаналарына тән белгілердің бірі – олардың аң-құстан немесе жануардан таралғандықтары туралы аңыздың жиі кездесетіндігі.

***

Адам баласы табиғат аясында және ұдайы табиғат ықпалын сезіну жағдайында өмір сүреді, нақты іс – қимылдар жасайды. Бұл тұрғыдан келгенде, шаманизм көзқарасы – солшыл материализмге саяды. Екінші жағынан, өлгеннен кейін адамның өзі тәңір текті құпияға айналады, бұл – солшыл спиритуализмдік көзқарас.

***

«Табыну – таң қалу!» («Поклонение – есть удивление!») дейді Карлейль. Біздің ойымызша, оның язычествоның шығу тегі туралы пікірі шаманизм табиғаты мен өлгендер рухының культі – өлім мен өмір араларындағы қарым – қатынас қашан да шексіз таңданыс тудырып келеді, әрі ең бір ұлы құпия күйінде қалып отыр.

***

Табиғат пен адам! Айтыңызшы, табиғат пен адамнан асқан қандай керемет пен құпия болуы мүмкін?! Шаманизм – көктің, табиғат пен өлгендер рухының культі – өлім мен өмір сырын, сол сияқты адам мен табиғат арасындағы қарым – қатынас құпиясын танып білуге деген қажеттіліктен туған.

***

Адам – таңғажайып құбылыс! Оның жан дүниесі, ақыл – ойы, жан – жақты талант – қабілеті – құдіреттілік табиғатының мүлдем беймәлім әрі ешқашан да танып – білу мүмкін емес мәңгілік құпияның нақты көрінісі осы емес пе?!

***

Аспаннан тәңір тектілігі туралы және оның адамға қатысты құдірет – күші жайлы шаманистік көзқарас қандай ұғымдарға негізделген? Өлгеннен кейін адамның өзі тәңір текті құпияға айналады, ал аспанның құдіреті тек тірі адамға ғана жүреді. Сондықтан да христиандық тұрғыдағы күнә идеясы да болуы мүмкін емес. Жер бетіндегі береке – байлық пен керемет біткен, жақсылық пен жамандық, бақыт пен бақытсыздықтың бәрі – тәңірден, жасалған күнә үшін, әрине, шаманизм ұғымындағы, тиемелі тәңірлік жаза да көп күттірмейді.

***

Алғырлық пен сабырлылық – түркілердің табиғи қасиеттері.

***

Еуропада осы күнге дейін көшпелі тайпаларды қаскүнем ордалар мен тәртіпсіз жабайылар түріндегі құбыжық етіп көрсетуге құмар кері көзқарастар басым орын алып отыр. Ал енді осы «жабайыларыңыздың» («варварлар») басым көпшілігінің ауызша һәм жазбаша төл әдебиеті, аңыз әпсаналары бар.

***

Поэзияға, әсіресе, импровизацияға құштарлық – барлық көшпелі халықтарға тән қасиет.

***

Қазақтар поэзияға қабілеттілігі жөнінен бүкіл түркі тілдес халықтар (татарлар) арасында бірінші орын алады десе де болады. Олар туралы белгілі ориенталист Сенковскийдің арабтар жайлы айтқан: «Бедуин – табиғатынан өлеңші боп туады, басым көпшілігі ақын халық» деген сөзін қайталаса, еш артықтық етпейді.

***

Қазақтардың ескі аңыздары мен наным—сенімдерінің қалай қаз-қалпында сақталғаны таңғаларлық. Және бір кереметі – ен даланың қай түкпіріне барсаңыз да олардың, әсіресе, өлеңмен жазылған сағалардың, бір-бірінен ешбір аумайтындығы: салыстырып көрсеңіз – бір қолжазбаның тізіміндей төгіліп шығады. Білімсіз саналатын көшпелі ордалардың ауыз әдебиетінің қайнар көздеріне тән таңғаларлық дәлме-дәлдік – ешбір күдік келтіруге болмайтын факт.

***

Өзін-өзі сақтау түйсігі – мақтан етуге тұрарлық сезім.

***

Өткенің туралы ойлағаның – бүгінгінің қамын жегенің.

***

Киіз үйдің маңдайшасында жалау ілініп тұрған болса, сіз оны осы шаңырақтың бір адамы опат болған екен деп түсінгеніңіз жөн. Жалаудың түсі қызыл болса, өлген адам жас, қара болса – орта жастардағы, ақ болса – қарт адам деген сөз.

***

Жоқтаудың ортақ сипаты – Тәңіріге жалбарыну.

***

Біздің бір аңғарғанымыз – амандық-саулық сұрасу сипаты қай халықтың болсын мінез-құлқын айтарлықтай дәл білдіретіндігі. Жалқау да керенау түрік жұрты бір-бірімен «Жаныңыз жай тапты ма, әпендім?» деп амандық-саулық сұрасады. Ал әзілкештігі – мен тапқырлығы барша Азияға белгілі парсылар болса: «Сіздің хош иісті әлеміңіз қандай халде, бауырым?» деген жанама сауал қояды. Адамдар өмір сүру үшін тамақтанып, тамақтану үшін өмір сүретін Қытайда күн мен түннің кез-келген сәтінде қолданылатын «Қарныңыз тоқ па?» деген сәлемдесу салты бар. Қазақтардың амандасуы да қызық: «Мал-жан аман ба?» десіп, қауқылдасып жатады.

***

Жаныңды жай тапқызар шын «алтын жалқаулық» дегеннің не екенін тек нағыз далалықтар ғана біледі. Далалықтар ғана қайғы-мұңсыз, ертеңі жайлы ештеңе ойламай еркін өмір сүре алады.

***

Тек нағыз көшпенділер ғана еш алаңсыз бақытты күй кеше алады. Өйткені, олар жан тыныштығының қадірін жақсы біледі.

***

Тау – шеркес тектілерді шыңдап шығаруы заңды. Шеркеш, шіркін, дүниеге шыр етіп түскен сәтінен бастап-ақ табиғатпен текетіреске түседі. Оның өмірдегі әр қадамы – нар тәуекел. Жан-жағы толған – қабағына мұз қатқан қатыгез шыңдар, ал оның төменінде – әлде бір арыны басылмас алып Терек буырқанып- бұрқанып, өкіріп-шулап, зәреңді ұшырар зұлмат тас төбелерді допша тулатып, аударып – төңкеріп жатқаны. Таудағы аң мен құстың жыртқыштығынан асқан тағылық тағы жоқ. Шарболат шеркестің нағыз ұстаздары, міне осылар! Ол осылардан өнеге алады.

***

Шаманизм табиғатты пір тұтады. Аспанға, күн мен айға адамның өз-өзінің үстінен қарайтын билік құдіретін теліп-таңады, бірақ бұл құпия күш оған бұ дүниеде ғана – туғаннан өлгенге дейін ғана ықпал ете алады.

***

Сыртқы дүние күн, ай, жұлдыз, жер – алғашқы тәңірлік құдіреттер, міне, осылар. Әрине, жалпыны, құдірет тұтудан жекені құдірет тұту келіп шығады, мысалы, тауларды, өзендер мен белдерді, т.б.

***

Шаман – бойында ерекше қасиет, айрықша білімі бар адам. Ол өзгелерден дара тұр: әрі ақын, әрі сазгер, әрі көреген, оның үстіне дәрігер.

***

Шамандық дүниетанымдағы халықтар отқа табынуды, Банзаров дұрыс аңғарғандай, парсылардан үйренген.

***

Қазақтардың отқа деген көзқарасы ерекше: оны тек от-әулие деп қана атайды. Ал «әулие» деген сөз әдетте мұсылман дінінің пайғамбарларына қолданылады. Отты өзгеше қастерлегендіктен де, қазақтар оны моңғолдар сияқты анаға теңеп «от-ана» деп атайды. Ұлттық наным-сенімдерге орай, оттың жамандықты аластайтын құдірет-күші бар деп есептеледі.

***

«Тәңір жарылқасын!» және «Көк соққыр!» деген тіркестер – шамандық көзқарас көріністері. Ал «жарылқау» сөзі «жарлық» (ерік білдіру) және моңғолдың «дзаяга» (көк тәңірінің еркі, тағдыр) ұғымдарымен тікелей байланысты.

***

«Кемпірқосақ» – кемпірдің қосағы. Қосақ дегеніміз – жер бетін бойлай орналастырылған екі қапталында қатар-қатар тізілген қозы байлағыш ілгешектері бар желі. «Кемпірқосақ», «кемпір», әдетте, жаңбырдан кейін сауып дағдыланған түрлі-түсті қойлар «қосағы».

***

Әзірше мұсылманшылық біздің қанымыз бен жанымызға ене қойған жоқ. Оның келешекте халықты бөліп-жарар қаупі бар. Әдетте халықтың, әсіресе, білімі аз және жартылай жабайы халықтың шын мұқтажын білдіре бермейді. Ал қоғамда үстемдік құрушы таптар пікіріне халық мұң-мұқтажының теріс көрсеткіші деп қана қараған жөн. Өйткені, атақты және бай адамдардың мүдделері, тіпті өркениеттілігі жоғары қоғамдардың өзінде, көп ретте бұқара халықтың, көпшіліктің мүдделерімен ұштаспай, қарама-қайшы түсіп жатады.

***

Жабайылығы басым, дамып толыспаған адам өз сезімін өзі билей алмайтын жас бала тәрізді. Бала сияқты оған да өз түйсіктерін өзінің іс-қимылдарымен ұштастыру өте қиын.

***

Халықтық реформалардан асқан шексіз маңызы бар қоғамдық мәселе жоқ.

***