МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

(1893-1938)

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады. 1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Мағжан 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы М.Жұмабаев “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда М.Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, 19 наурызда ату жазасына кесілді.

Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі.
Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мүмкін

 ***

Адамның адам атануы -тіл арқасында.

 ***

Адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол жан – қилы тәрбиенің тілейтіні де сол жан.

 ***

Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз – ақ сорлы сөйлер қаламына.

 ***

Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда
Мен жастарға сенемін!

 ***

Артымда қазақ қалың ел,
Тақ – тақ жалғыз қара жол.

 ***

 Әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп болып қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті.

***

Бала тар ойлы, ақымақ болса, оған бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі.

***

Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байыптайтын – мектеп.

 ***

Бұл Тұран ежелден – ақ Алаш жері,
Тұрансыз тарқамайды-Алаш шері.

 ***

Дене – жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ.

 ***

Дүниеде күшті нәрсе екеу – ақ: өлім һәм махаббат.

 ***

Ерлікке іспен үйрету керек.

 ***

Ер жігіт өнер табар ерте қуса,
Ерініп шаршамастай белін буса.

 ***

Естігеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық.

***

Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес.

 ***

Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ.

***

Жас бала жеңісқой, әуесқой деп қазақ дұрыс айтады.

 ***

Жер бетінде ұялмайтын адам жоқ. Бірақ білімі, тәрбиесі, мінезіне қарай әр адамның ұялуы да әртүрлі болады.

 ***

Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар.

 ***

Жұмсақ мінезді адам ұялшақ келеді. Ұялу оңай нәрсе емес. Адамды ұялтудан күшті жаза жоқ.

 ***

Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшы – мұғалім.

 ***

Қайғыдан өлсем арман жоқ,
Ақыреттік жолдасым.

 ***

Мақтауға мырза болу жараспайды.

***

Малды аяма оқу – білім жолына.

 ***

Мен киелі Алашпын.

 ***

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.

 ***

Өнер – білім – қарны ашса ас деп білсе.

 ***

Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі.

 ***

Ойдың тілі – сөз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді.

 ***

 Осы күнгі түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түркі тілінде сөйлемеймін деген түркі балалары күндердің күнінде бір айналып қазақ тіліне келмекші.

 ***

Оқу оқы, өнер қу,
Басқалардан түңіл де.

 ***

Соншама кең рахметтен құр тастайтын,
Баласы алты Алаштың – біз не қылдық?

 ***

 Тәрбиедегі мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу.

***

 Тәрбие-кең тұрғыдан алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз.

 ***

 Тәрбиеші баланың ойын жетектемесе, бала ұғымды теріс жасауға, қате ой шығаруға үйреніп кетеді.

 ***

 Тіл – адам жанының тілмашы. Ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын – ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз.

 ***

Тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмас.

 ***

Түркі тілінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақ.

 ***

 Ұлт болу үшін басты шарт – тілі болуы. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айналадағыдай ашық көрініп тұрады.

 ***

Фантазиясыз адам – тұсаулы есек. Фантазия ақылды кеңітеді, құлықты түзейді, әдемілік сезімін тереңдетеді.