МҰСТАФА ШОҚАЙ

(1890-1941)

  Мұстафа Шоқай  1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Атасы Торғай датқа – Қоқан хандығында жоғары әскери шенге ие би болған адам. Торғай датқа екі рет қажылыққа барған. Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған. Орыс өкіметінің озбырлығын Мұстафа бала кезден көрді. Ташкент гимназиясында білім алып жүргенде орыс баласына алтын медаль беріп, бала Мұстафаға күмісті берген. 12 жасар Мұстафа күмісті алудан бас тартқан. Осындай қоғамнан теперіш көрген Мұстафа саяси қызмет жолын да осы Ташкент қаласынан бастаған. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен жалпы қазақ съезінде Әлихан мен Мұстафа кездесіп, қазақ елінің болашағын кеңінен талқылады. Байламды пікірлері арқылы өз уәждеріне сендірген Әлихан ақырында Мұстафаны Алаш жағына шығарды. Жаңадан дүниеге келген Алаш автономиясының құрамына кірген Мұстафа, Алашорда үкіметінің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. Мұстафа Шоқай бірнеше тілде еркін сөйлеп, полиглот болған. Орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін білген. Көптеген тілдерді білуіне байланысты Мұстафа Шоқайға Парижде, Лондонда, Стамбулда, Варшавада аналитикалық шолулар жасауға және баяндамалар жасауға мүмкіндік туды. Шетел басылымдарында саяси шолулар мен Түркі әлеміне байланысты зерттеулерді жариялап тұрған. Өмірінің бірнеше жылын өткізген Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайдың бюсті мен ескерткіш тақтасы орналасқан. Бұл ескерткіштерді Париждегі қазақ диаспорасы қолға алып, жүзеге асырған. Алаш қайраткері Францияға 1921 жылы жазда әйелі Мария Шоқаймен бірге келген. Парижде өмір сүру өте қиын болғандықтан, 1923 жылы әйелімен Париждің оңтүстігіндегі, 15 км қашықтықтағы Ножан-Сюр-Марн қаласына көшіп келген. Мұстафа Шоқай 1933 жылы 27 наурыз күні Халықаралық істер жөніндегі Королевский институтының шақыруы бойынша Лондонда  «Кеңестер Одағы және Шығыс Түркістан» атты баяндама оқыған.  Ұлы Отан соғысы жылдар совет әскерлерінің біразы тұтқын ретінде ұсталып, Германия жеріндегі абақтыларға қамалды. Сол уақытта неміс жеріндегі совет әскерлерінің тұтқындарынан бірнеше легиондық отрядтар құрылды. Соның бірі Түркістан легионы. Кейбір зерттеушілер Түркістан легионын құру Мұстафа Шоқай идеясы болды деп есептейді. Мұстафаның өкіл баласы Әлім Алматтың айтуынша, Түркістан легионы 1942 жылы құрылған. Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27-желтоқсанда қайтыс болған. Соған қарағанда, Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына мүлдем қатысы жоқ. Әлім Алмат та Түркістан легионың мүшесі болған. © e-history.kz

 Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қалады.

 ***

 Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе?
 Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де.

 ***

Көтеріліс – езілген халықтың езушілерге қарсы өшпенділік сезімінің бір бұлқынысы.

 ***

 Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады.

 ***

 Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялыларға жүктеледі.

 ***

 Халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жеткізу үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті.

 ***

 Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс.

 ***

 Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырады. Олар, яғни Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз, басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмайды.

 ***

Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл.

 ***

 Тіл – халықтың перзенті.

 ***

 Тіл – тек адамға ғана тән аса құдыретті құрал.

 ***

 Құқық дегеніңіз -тек идеологиялық бір негіз ғана. Өз құқығыңды қорғап қалуың үшін жеткілікті күш болуы лазым.

 ***

 Әрбір өсетін адам басынан өткенін, балалық шағын еске алса да, сол балалыққа қайтқысы келмейді.

 ***

…ұлттық еркіндік пен азаттыққа талпыну-табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрізді нәрсе.

 ***

Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенеміз.

 ***

Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, іркі бір.

 ***

 Жалпы, адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.

 ***

 «Біздің дәрменсіздігімізді халық та сезді, жұмысшы, солдат депутаттары да түсінген болатын. Сондықтан олар бізді көзге де ілмеді. Көпшіліктің 96 -98 % болғанымызбен біз Кеңестерге қарсы тұра алмадық».

 ***

 «Большевиктерге бірде – бір жеңілдік жасалмайтынын, ендігі жерде мұсылман мүддесін қорғауға мейлінше батыл саясат жүргізетінін айтты»

 ***

«Біздің баяу ұлттық қозғалысымыздың тарихын да уақыты келгенде еске ала кетуіміз керек болатын бірнеше маңызды күндер бар. Сондай тарихи күндердің бірі-1917 жылғы 10- желтоқсан. Осы күні Қоқан қаласына жиналған ІҮ Түркістан төтенше құрылтайы – Түркістан автономиясын жариялаған еді, біз бұл оқиғаны қазіргі ұлтты құтқару қозғалысымыздың алғашқы қадамы, осы басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Біз бүгін оны еске түсіруменен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз! Түркістан автономиясын тек тарихи құбылыс ретінде ғана еске аламыз»

 ***

«Адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білім керек»

 ***

 «Қазақстанда бұл салада 20 – шы жылдардың аяғына дейін өнімді ешнәрсе істелмеген. 1911 жылғы орыс – қазақ мектептеріндегі бір оқушыға 17 сом жұмсалса, 1926- 27 жылдары 7 сом 70 тиын, яғни екі есе аз жұмсалған. Оның үстіне «қазақ ауылдарындағы мектептердің тек қана бір жарым процентінің баспанасы болса, ал орыс мектептерінің 28 проценті үймен қамтамасыз етілген»

 ***

 «Зиялылар халыққа ұлттық тәрбие беру үшін олардың өздерінің бойында «ұлттық рух», яғни «шығыс рухы» болуы қажет»

 ***

 «Шоқан Уәлиханов аса дарынды, мол білімді, көсем боларлық деңгейге көтерілген қыр баласы. Шоқан орыс (батыс) халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздеді. Осы «Батысшылдық» оны өте пұшайман жағдайға душар етті.»

 ***

 «Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы, бірлік ешқашан болған емес. Сондай ақ халық, бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау – зиялылардың міндеті»