(1889-1937)
Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1911-1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.
Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы.
Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады.
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.
Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.
Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Психология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.
Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі
***
Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы. Өсіп-өніп, түрлене білетін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.
***
Тіл жоқ жерде ұлт жоқ.
***
Тәрбие басы – тіл.
***
Жан дүниесі – толқымалы, айнымалы, созылмалы дүние.
***
Қазақты сөзбен, күшпен үйрете алмаймыз. Мәдениет қана үйретеді.
***
Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады; жасап-өркендесе, тілі де өркендейді.
***
Білім өссе, ой да өседі, оймен бірге тіл өседі.
***
Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды. Жазу – өлі сүйек зат. Тілдің грамматикалық заңдылығы да кертарапта, шідерлеп өрісіңді ұзартпайды. Тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып жоғалады деген соқыр нанымнан құтылу керек.
***
Тәрбиенің мақсаты – мінезді түзеу, адамшылдыққа қызмет еттіру.
***
Мәдениеті көпей ел дүниені, табиғатты біліммен, ақылмен өлшеп танымайды; жорумен, аңыз қылумен таниды.
***
Адам- табиғатқа бағынған денесі бар зат. Ендеше, ылажсыздыққа да бағынған зат. Денеміз өзімізден еріксіз туған.
***
Тағдыр қылмысты қолдамайды, жауапкершілікті жоғалтпайды. Тағдыр адамды өзіне пайдалы көнгіштікке, күштің ықпалына ақылмен мойынұсынуға үйрету, сіңіру керек. Тағдырда осылай болуға тиіс деген пікір адамды шыдамды, көнбіс қылады; адам өзіндей болғанды тілейді; ол өзгелерге кешірімді келеді.
***
Жазушылық, ақындық сүйекке бітетін өнер, қанша машықтанса да, кім болса сол жазушы болалмайды, кемелдікке жете алмайды.
***
Адамның табиғатты түрткілеп, өз жолын өзі таңдап та, тауып алуы сирек. Бізге табиғатымыз түзу жолды салғаннан сілтеп, ашып бермейді. Адам өз жолын да көп сандалып, ұзақ бейнет тартқанда табады.
***
Еңбек дегеніміз қол-аяқты кісендейтін құлдық тәрізді көрінбеуге тиіс. Өйткені, әлеуметті сансыз көп мақсатына жеткеретін құрал – еңбек. Еңбек болғанда қарапайым емес, берекелі де өнімді еңбек. Ондай өнімді еңбек кімнің қолынан келеді. Сол еңбекке жетік, үздік, озат кісінің қолынан келеді.
***
Керексіз, пайдасыз, қысыр білім баланың басын қатырады.
***
Оқудың түпқазығы – еңбек. Сұлу, қысыр пікірді малданып, шын өмірді білмегендер түкке жарамай, далада қалады. Сұлу пікір қорған бола алмайды, құры алдайды. Анығында өмірден бөлек үстін пікірде ғылым-физика да, химия да, биология да жоқ. Барша ғылым жабыла бірігіп түсіндіретін болмыстар бар. Міне, сондықтан оқудың түпқазығы еңбек болуға тиіс.
***
Өнер, ғылым қаражатпен табылады, сондай-ақ өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. Халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек.
***
Білімді орнына жұмсау керек, жамандыққа салынған білімдіден білімсіз артық. Білімді орнына жұмсататын не? Ол – тәрбие.
***
Бұл заманда жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге қалып отырған – өнер, ғылым, қысқаша айтқанда мәдениет.
***
Ғылымсыз байлық баянсыз болмақ, бұлай болған соң ғылым мен байлықтың екеуі де керек.
***
Қазақ-кең дала, еркін ауада сайран қылып жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнасқан, басы бос, қиялы күшті, бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы. Сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар.
***
Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөз жазылмаса, ондай газет бағасын жоймақ.
***
Адам көп еңбегін, қуат-жігерін, уақытын өткізіп барып тәжірибе табады. Кейде қолдан келмейтін жұмысқа жегілу адамның әлде бейнетіне, не ажалына да себепші болады.
***
Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл, білімнің әр тарауынан көкірегінде асыл қазына көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, әрі қызыл тілді шешендігі.
***
Адамның өз басы көркейгенмен, ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе ғана өзі көркейеді.
***
Тіршіліктің өз талқысы аласұртып, әр халықты ұлтшыл болмасына ерік қоймай отыр.
***
Әдебиетті сынамаққа жалаң саясатқа сауатты болу аздық етеді.
***
Әр заманда бір үстем пікір, үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап шығармайды. Тұрмыс туғызады.
***
Сүйегінде, жаратылысында ақындығы жоқ болса, ай құйсаң да ақын болмайды. Сүйегіне бітпесе, хат білмейтін Марабай, Махамбет, Шөже кімнен үйреніп ақын болады?
***
Әлеуметтің кейін қалып, керіге кеткені өзгеден гөрі ақынға артығырақ батады, оның жүрегі өзгеден гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Ақын өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге күйіп-пісіп қалады.