МАХМҰД ҚАШҚАРИ

(1029-1101)

ХІ ғасырдағы Орта Азиядағы атақты түрколог. Әкесі Хүсейін ибн Мұхаммед Барысқанның әміршісі болған. Махмұд Қашқари Шу топырағындағы Барсхан қаласында ХІ ғасырда дүниеге келген, өзінің де, ата-бабасының да өскен, өркен жайған аймағы осы аталған жер. Атақты ғалымның туған және қайтыс болған мезгілі анық емес. Ғұламаның бізге қалдырған басты еңбегі «Диуани лұғат-ат-түрк» («Түркі тілдерінің сөздігі»)  атты әлемге әйгілі кітабы. Бұл еңбек – ерте орта ғасырдағы түркілер жайлы жазылған энциклопедия. Онда ХІ ғасырда өмір сүрген түркі тайпаларының өмірі, ру-тайпалық атаулары, туысқандық ерекшеліктері, лауазымдары, ас-тағам аттары, асыранды, жабайы жануарлар, өсімдік әлемі, астрономия, апта аттары, географиялық терминдер, геологиялық, дәрігерлік, анатомиялық түсініктер, әскери, спорт түсініктемелері, дін туралы құнды мағлұматтар берілген. Бұл аталған еңбектің жалғыз қолжазбасы Түркияның Стамбұл қаласындағы кітапханада сақталуда.

Әлемге әйгілі бұл еңбекті филология ғылымының докторы, профессор Асқар Құрмашұлы Егеубай көне түркі тілінен қазақ тіліне аударып шығарды.

Махмұд Қашқари – түркі тілтану ғылымының негізін қалаған, әлемнің көне картасын, оның ішінде түркі халықтарының мекен-жайын белгілеген дөңгелек карта сызған ғалым.

***

Ер – атымен, құс- қанатымен.

***

Дос адам сарайыңды жұмақ етер.

***

Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі.

***

Кеңескен іс оңалар.

***

Ақылды сөз алтын табаққа жеткізер.

***

Ауыр күн де өтеді, оған сабыр – шыдам қыл.

***

Түріне қарама – қасиетіне қара.

***