(1872-1937)
Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы).
1882-1884 жж. ауыл мектебінде оқыды.
1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген.
1895-1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады.
1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды.
1912 ж. Оқу құралы. Қазақша алифбасы Орынборда жарық көреді.
1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді.
1918-19 жж. Алаш Орда қатарында болады.
1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады.
1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.
1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды.
1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. тамыз айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, алты айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған.
Құлақ екеу, ауыз біреу.
Ол не үшін бұлай?
Көп тыңдап, аз сөйлеуге жаратқан оны Құдай.
Ауыз біреу, көз екеу – ол не үшін бұлай?
Көп көріп, аз таңдануға жаратқан оны солай.
Ауыз біреу, қол екеу – ол не үшін бұлай?
Көп жұмысшы, аз жеуші – жаратқаны ол солай.
***
Орнықты оқу болмай, қалт-құлт етіп оқытқан оқу оқу-білім үйретіп жарытпайды.
***
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы.
***
Оқуды керек қыла бастағаны – жұртқа ес кіре бастағаны.
***
Оқу – ерге теңдік, кемге кеңдік.
***
Білім – таусылмайтын қазына, сарқылмайтын байлық.
***
Бұлақ көзін ашып, талант пен талапты ұштар бапкер ордасы – мектеп.
***
Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
***
Елін сүйген ер атанады. Өйткені ерлік білекте емес, елін сүйе білген жағдайға жеттік.
***
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас,
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
***
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
***
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
***
Теңеу: ай мен күндей, әмбеге бірдей.
***
Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.
***
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
***
Жақсы шықса, жаман қашар.
***
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
***
Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды.
***
Сөздің асыл болуы – ұнауынан.
***
Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.
***
Сайлау деген өзіңе берген ықтияр.
***
Халықтардың басынан өткізген анайылық шағы – біздің балалық шағымыз мысалды.
***
Дүниедегі нәрселердің бәрі қысылады, мұздайды, қатады –түсі қашып, өлік сияқты жатады.
***
Күн жазыла бастағанда, жаз болады: бәрі жадырайды – жазылады, көгереді, көркейеді.
***
Сөздің ең ұлысы – тарих!
***
Елде жоқ рух ақын сөзіне қайдан келсін?!
***
Көсем сөз- әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз.
***
Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.
***
Көрікте пұл жоқ.
***
Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.
***
Тақпақтан гөрі мақал маңызды, шымыр келеді.
***
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
***
Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.
***
Білімнің бас құралы – кітап.
***
Бір нәрсені істегенде сол істей білетін адам істесе, шапшаң да жақсы істер еді.
***
Күнелту үшін ас керек, ас істеуге күш керек, күшті жұмсауға ес керек.
***
Тән саулығы – тазалықтан, жан саулығының тамыры – тән саулығында.
***
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: Үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек.
***
Ғылым мен өнер көбейген сайын, бейнет кемиді.
***
Ел бағатындар ел бағуларын жақсы білулері керек.
***
Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі – екі ауылдың, екі топтың я екі рудың намысы деп ұғады: басқадан кемшілік көрсе –намыстанбайды, кектемейді; бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді.
***
Мәтел дегеніміз – кезі келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер: мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады.
***
Оқусыз халық қашан бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді.
***
Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер.
***
Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.
***
Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы!
***
Дұрыстық-бұрыстықты білмеген жұрт азады.
***
Жақсы нәрсенің жолға шығуы – жаман нәрседен қиынырақ.
***
Алушы да, беруші де – өзіне жағымды жағын іздейді.
***
Әркім өз білгенін, өзінің қолынан келетінін істеу керек.
***
Басқадан кем болмас үшін білімді һәм күшті болу керек.
***
Бәрін айт та, бірін айт – сөздің тұрар жерін айт!
***
Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды.
***
Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек.
***
Халықтың ісі – бұрап қалса басқа жөнге келетін машинаның тетігі емес.
***
Жұртқа керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз.
***
Жұрт жұмысы-құмырсқаның илеуіндегі жұмысқа ұқсайды: құмырсқаша жабыла тынбай істесе өнеді.
***
Көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
***
Ұлтын керек қылып, қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.
***
Біреу – жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!
***
Ниеті жаман Аллаға өкпелемес болар.
***
Талап – жоқ, үміт мол бір халықпыз.
***
Еңбексіз егін шықпайды, терлемесең терің шықпайды.
***
Телміріп алған теңгеден, тер төгіп тапқан тиын жұғымды.
***
Қатерлі жерде қаперсіз отырма!
***
Өзгеге емес, өзіңе өкпеле.
***
Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы – қазақта, екіншісі – орыста.
***
Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ.
***
Әдіс қылу – жөнсіздік емес, ептілік.
***
Ғылым мен өнер елсізді – елдіге, жоқты – барға теңгереді.
***
Қазақ жеріндегі шаруалық – мал бағу мен егін егу.
***
Сайлау, рас, бәле болса, білімді, өнерлі халықтар өз ісінің бәріне басынан бастап, аяғына дейін неге сайлау кіргізді?!
***
Білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де, келістіріп істейді.
***
Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды.
***
Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан: әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін – жерін сатып тойып, ертең – тентіреп кетер еді.
***
Олжалы жерде үлестен қалғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.
***
Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер!
***
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
***
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!
***
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай Һәм күшті болуымыз керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жалықпай жұмыс істеу керек.
***
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
***
«Тән саулығының тамыры – тазалықта,
Жан саулықтың тамыры – тән саулықта»
***
Кенің бай, келімің мол, туған тілім,
Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен.
Мен қосып, құтыла алсам, құсам білім
***
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйінін түйгенінше айтуға жарау
***
Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады.
***
«Баланы оқыту ата – анасына ауыр болғанымен жұртқа жеңіл» дей келе, «сол қаңғырып қалып тұрған балалар бір ұлттың ұлы емес пе? Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» Бала деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ»
***
«Әр ауылда бір молдадан қалдыруды, Қырғыз балаларының сауатын ашу үшін әр 50 түтін сайын бір мұғалимадан ұстауды және олардың медреседен куәлігі («Шаадат – нама») болуын. Қалаларда мұсылман медреселерінде оқитындарды әскерге шақырудан босатуды»…
***
Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектеп те, үйрететін білім де сондай керек.
***
Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керекті құралдар, қолайлы һәм сайлы болу, құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа (бағдарлама). Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін, оның үлгісі, я мерзімді өлшеуі болуы керек. Үлгісіз я өлшеусіз істелген іс – солпы, я – орта, я – кем шықпақшы.
***
«Әуелі –«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»
***
«Газетасы жоқ жұрт, басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды.
***
Дүнияда не болып жатқанын көру жоқ, не болып жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ»
***
«Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұруды» мақсат етті.
***
«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар тура жолдың бірі осы! Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенінше істеп кетелік»
***
«…. Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, онда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымыз деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан- қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарға не жазық? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы….»