СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

(1893-1920)

Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп ат салысу керек… Бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек. (Сұлтанмахмұт) Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған.Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді. Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман деген молданың медресесіне түсіп, одан 2-3 жыл сабақ алады. Молданың ұрып – соғуына шыдай алмай, ол оқуды тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын сықақ етіп өлең шығарады. Ол 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен оқиды. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарды, газет – журналдарды оқуға дағдыланады. Өзінің білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесінде оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бала оқытудан бос уақытында, өз бетімен оқумен шұғылданады, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиетінің өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.

 Мен жігіт он-бес отыз арасында
 Бұл жаста көп: бересі-аласым да…
Жалыны бойға сыймай сырттан көрініп,
Күн сайын тұрады артып қайрат күшім.

 ***

Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек.

 ***

…ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.

 ***

Сүйемін туған тілді, ана тілді,
Бесікте жатқанда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.

 ***

Ақыл сөзді іздесең
Абайды оқы, ерінбе!

 ***

Күресі бұл дүниенің күреспен тең,
Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең.
Дүниеде барлығыңды кім біледі,
Үйіңде ынжықтанып отырсаң сен!

 ***

Жалғыз ғана оқуменен теңелмейсің,
Алты ауыз азғын-болсаң қоян жүрек.

 ***

Әлемдегі терең сыр,
Ғылыммен ғана ашылмақ…

 ***

 Оқу – бай, кедей, жақсы, жаман деп таңдамайды; кім ыждағаттанып ықыласын салса, оқу соған табылады.

 ***

…халықтың әні кетсе, әдебиет жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді.

 ***

 …біздің қазақ ән құмар халық… Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады.

 ***

Ел түзелсін десең, әуелі өзіңді түзе.

 ***

Ер бар ма елі үшін жан қиятын,
Басшы бар ма етегіне ел сиятын
Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды,
Адам қайда сезетін ар-ұятын

 ***

 Ақынның кітап та – өзі, газет те өзі.

 ***

 Ана тілім,
 Бесікте жатқанымда берген білім.

 ***

 Ар азығы жетіспегендіктен, қазақ сынды жаңа тірілейін деген жұрттардың көріп отырған зияны емес.

 ***

 Ар азығы дегеніміз – әділдік.

 ***

 Байқаймысыз, біздің қазақ-әнққұмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айтшылап жанын жағасынан келтіреді.

 ***

Бағам жоқ көзсоқырдың көз алдында.

 ***

Балалыққа жарасаң,
Аталыққа жарайын

 ***

 Дене күшімен емес, өнер күшімен соғысқаннан не шықты? Дене күшімен соғысқандағы апаттан адам баласының көбірек өлуі, көбірек қуырдақ болуы, көбірек азап тартуы, көбірек көз жастың төгілуі шықты.

 ***

 «Дозақ деген абақты бейнесінде» –
 Солай деген молданың сөзі есімде.
 Өнерлі барлық ұлтты сонда салса,
 Қазақты іздеп бүлінем мен несіне?!

 ***

 Жақсылық көрсем өзімнен,
 Жамандық көрсем өзімнен.

 ***

 Жеке сөз өзінің орны мен сәтін тапқан шақта жаңаша жанданып кетеді. Сондай шағына жетіп, жанданған сөздің демі, лебі білініп, тың тірлік етіп, бал-бұл жанып тұрады. Ол көп қолданудан өлі сөз боп кеткен сөз емес, қызықты, ыстық лепті қайнар сөз болады.

 ***

 Жұрттың рузы бірігуде тұрса, саясат ыңғайы жұрт рухының сол күйіне қарап бет алатын болса, оқу ісі, оның ішінде ғылым тілі ешуақытта алыстатып әкете алмайтынын біздің ұғуымыз керек.

 ***

 Ілгері кеткен жұрттардың тарихи қатесін енді ілгерілейін деген жұрт істесе, көре, біле тұрып отқа түскендік болады.

 ***

 Ислам деп қазағымның айтсам дінін,
 Дос тұрсын дұшпан таппас оның мінін.

 ***

 Күлкі сөздің шатысынан тумайды… күлкі іспен аралас келсе, бір жағы шынға тіреліп, қысылшаң кезде ауыр мен жеңілдің жапсарында келсе, көбінесе оқыс қиындыққа ұшырап қалатын жерден туса, сонда дәлді болмақ.

 ***

 Қайдан табам халықтың шын баласын?!

 ***

 Қазақ «көнбесек қолдарында бізді қырып тастайтын қаруы, өнері бар» деп амалсыз көнді.

 ***

…Қазақтың ортасынан Құдай жаратқан билері бар заманда халық қандай халде болды.?

 ***

 Қазақ бетіне қарамайтын төрелер (шенеуніктер) қазақ игі жақсының мойнына бұршақ салып айтатын мың сөзінен арызқор тілмаштың жалғыз айтқанын шын көріп, соған қарап үкім қылатын әкімдердің елесі әлі көз алдымыздан кете қоймаған.

 ***

 Қазаққа ілгерілеу керек болса, жетілген жұрттардың қатарына қосылу керек. Әзірге бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек.

 ***

 Қазақ тіліне халықтың қолдануы арқылы заңды түрде өзгеріп сіңген самауыр, кереует, пеш, учаске сияқты толып жатқан ескілі-жаңалы сөздерді таза орысша жазылу үлгісімен жаздырудың өзі дұрыс емес.

***

 Қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ.

 ***

 Қыз десе әркім кетер қызуланып.

 ***

 Мен неге қазақтықтан сақтанамын,
 Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын!

 ***

 Мен анық ақсүйек аты жоғалмайтын «өлең» мен «өнер» деп айтамын.

 ***

 Мен тілімізге шала тілдердің шатысуынан тілдің ағынын теріске бейімдеп, өріс алып бара жатқанынан қорқамын.

 ***

 Өнер кешірек қалған жұрттың үстінен күн көруге жұмсалды. Кешірек қалған жұрттың өнер үйренуіне, ілгері басуына жол қоймады.

 ***

 Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?

 ***

 Тілді, оның заңын жазушы өз бетінше кесіп-піше алмайды. Сол сияқты тіл маманы да көркем тілді өз бетінше тексере алмайды. Жазушы мен тіл зерттеуші қосыла ойласпаса, талай күрделі мәселенің кемшін, сыңаржақ шешілуі мүмкін. Жазушы өз дәуірінің әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндеткер.

 ***

 Тіліміздің орнын сипалап қалуға бейімделіп барамыз.

 ***

 Түзу ғылымнан, түзу молдадан оқыған шәкірт неғып түзелмесін.

 ***

 Шығамын тірі болсам, адам болып,
 Жүрмеймін бұл жаһанда жаман болып.

 ***

 Шын жылаған көз жастың тамшысы… көзге қатты, көңілге суық тимейді; қайта өздеріңді сүйіндіріп әкетеді. Осы айтылған ретпен болмай, күндікке ізденіп, өзіңше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан, керекті-керексіз сөзді өлең деп қуана жаза беру дерті жоқ кісінің ыңқылдағаны қандай жексұрын болса, бұ да сондай жексұрын болады.