ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ

(1883-1939)

 Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. 1883 жылы сәуірідің 24 бұрынғы Орал облысы, Гурьев уезі, Тайсойған болысы, (қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы) Тайсойған құмында №4 ауылында дүниеге келген. Байұлы тайпасының Беріш руынан шыққан. Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны үздік бітіреді де, тағы бір жылға қосымша класта оқуға қалдырылады. Сосын Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түскен. 1905 жылы Орал қаласында бес облыстың делегаттары жиналған съезде кадеттер партиясының жергілікті бөлімшесі құрылған. Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне Б.Қаратаев, М.Бақыткереевтермен бірге сайланды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілді. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-Түркістан, 2-Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1912, 1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысты. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталды. 1913-18 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік — сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916) деген кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесі құрамына сайланды. Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізеді. 1918 жылы Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының 4-съезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне ықпал етерлік ұлттық-территориялық құрылым — «Ойыл уәлаяты уақытша үкіметін» жариялауға қатысты. Осы кезеңде Халел Алашорданың атты әскерін ұйымдастырып, Самарадағы Комуч үкіметінен қару-жарақ алуға, Ұлттық банк ашуға, баспахана, «Еркін қазақ» газетін шығаруға көп еңбек сіңірді. Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. 1920 жылы 21 тамызда Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени Һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.

Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

 ***

 Осы күнгі қазақтың әдебиетінде шеттен кірген сөздер өте көбейіп кетті.

 ***

 Түркі тілі жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді.

 ***

Сингармонизм қазақша айтқанда үндестік, ұйқастық деген мағынада. Сингармонизм түркі тілдерінің өзіне біткен айрықша қасиеті қазақ ноғайы, сарт, өзбек т.б. түркі емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан, осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр.Осы күндерде қазақ – қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түркілікті сақтаған елдердің тілінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр.

 ***

Қазақ – қырғыз тілінде шын жұрнақ өте көп. Бұл әр сөздің мағынасын өзгертіп, туынды сөздер тудырады. Шала жұрнақтар қазақ – қырғыз тілінде аз.

 ***

Ақындық-табиғаттың сыннан тыңдап бірен – саран адамдарға беретін артық өнері. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлеу, байыту ақындардың мойнына артылған зор борыш.

 ***

Қазақ тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ. Сингармонизм тілімізді үйретуге жеңілдетіп тұр. Жаңа сөздер тудырып, сөздер қосып, тілімізді байытқанда жалықтырмайтын, адастырмайтын қарақшылы даңғыл қаражол болып тұр.

 ***

Мұхаммед пайғамбар түркі патшалығының, түркі хандарының ең күшті, Византия мен иранға қарсы кең бір дәулет болып, күн көрген дәуірінде келген. Әрине, ол түркілерді білген.

 ***

Түркі қауымы ислам дүниесіне қосылып із – түссіз сіңіп кететін бір элемент емес, өз елінің жоғары мәдениетімен тәрбиеленіп келген ел. Түркі қауымы Иран, Жүһүт мәдениетіне қарсы бір мәдениет.

 ***

Түркі сөзін араб қарпімен жазғанның басы, әрине, –

М. Қашқари. Ол араб қарпін түркі қарпі демейді. Түркі сөздерін арабқа һәм басқаларына түсіндіруге бола араб қарпімен жазады.

 ***

 Шет тілдерден келіп, қазақ сөзі болып кеткендердің ата тегін қуып түбіне жете тексермек, бұлардың әсіл қалыбы біздің тіліміздің қалыбына көбірек ұқсас екен. Қазақ тіліне сіңу үшін бұлар танымастай өзгерген. Өзгергенде ең алдымен сингармонизм заңына көндіккен.

 ***

 Қазақ тіліне орыс тілінен кірген сөздерді тексеріп қарасақ та тұмардың сингармонизм заңымен өзгергенде барып тілімізге сіңісетіні байқалады. Орыстың қала немесе жер – су атауларын да қазақ не өз сөзіне аударады, не сингармонизм жолымен өзгертеді. Топайлы (Тополевский), Өрлік (Орловский), Мәскеу (Москва), Өскемен (Усть Каменогорск).

 ***

 Орыс тілінен енген сөздердің көбін орынды ма, орынсыз ба тексермей, ел ішіне ықтиярсыз біздің оқығандар, әсіресе тілмаштар кіргізді. Қара халық оған көнбеді, өзінше аударып сөйледі.

 ***

 Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алғандар, мәдениетті елдердің әсері.

 ***

 Бір тілге кірген жат сөз бейне адамның қарнына түскен тағам. Адамның тәні ішкен, жеген тамағынан түзелмей ме.

 ***

Тілдің қорықшысы – қара халық.

 ***

 Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар, екіншісі-орысшаға оқығандардың еуропалық сөздері.

 ***

 Шатақ тілден бізді сақтаған: 1) көшпелі салтымыз, 2) бай ауыз әдебиеті, 3) Абай, Ыбырай сынды нағыз әдеби тілге мол салған оқымысты жігіттеріміз.

***

 Оқыған түркі – орыстың нағыз әдеби тілінде сөйлесе, нағыз орыс – көбіне жасында үй ішінде үйренген тілінде сөйлейді. Сондықтан, қатар оқыған, орыс – қазақ диктовка жазғанда қазақтар – қатесіз, орыстар – қатемен жазады.

 ***

Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды.

 ***

 Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.

 ***

Машина деген жұмысты жеңілдету үшін адамның ойлап тапқан құралы.

 ***

Кем мағынаға оза жайылып, кең сөйлеудің керегі жоқ.

 ***

 Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тіліңді білмей бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беру зор қателік.

 ***

Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт.

 ***

 Елімізде салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелген көп ойындар бар. Бұларды менсінбей, ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа жата таңданады.

 ***

 «Тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым – қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады»

 ***

«Құрылтайдың тапсыруымен орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзгерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзін – өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Росссияның мемлекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, Өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды »

 ***

 «Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек – дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ»…

 ***

 Өткен күн бос кетпейді. Келешек күнге тәжірибе болады.

 ***

Шын азаттықты білім берді.

 ***

 Заманымыз мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.

 ***

 Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.

 ***

 Елдің салты, тіршіліктің қалпы өзгерген сайын елдің сөзін айтушылардың саны азайып, сапасы кеміді.

 ***

Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткеретін – мектеп.

 ***

Жақсылығына сүйініп, жаңсақ ісіне күйініп, ғибрат алмақ адамға сана береді.

 ***

 Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттардың тілі бай болады… Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданылған тіл елге ақырында сіңбей қоймайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді: мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қоймайды.