(1894-1938)
Бейімбет (Бимағамбет) Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай облысы,Таран ауданындағы Майлин кеңшарында туған. Бала кезінде әкесінен айырылған Бейімбет әжесінің қолында өседі. Әжесі ақынжанды,ескі жыр,дастан,өлеңдерді көп білетін,көкірегі ояу жан екен. Байдың қозысын бағып, жоқшылық дәмін ерте тартқан Бейімбет жасынан өнерге бейім болып өседі. Ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған Бейімбет ауылдағы Әбдірахман Сатыбалдин деген татар молдасынан оқиды.Көрші ауылға барып, медреседен білім алады.
1913-1914 жылдары Троицкіде «Уазифа» мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде оқиды.Медреседе әдебиетке бейім жастардың «Садақ» журналы шығып тұрады. Б.Майлин осы журналдың редакторы әрі тұрақты қаламгері болады. Алғашқы «Шұғаның белгісі» повесі 1914 жылы осында жарияланады.
1915 жылы Троицкіге,дәрігерге қаралу үшін оқуын аяқтай алмай,қайта келеді. Осында «Айқап» журналында Сұлтанмахмұт Торайғыровпен, Мұхамеджан Сералинмен танысады. «Айқап» беттерінде бірнеше өлеңдері жарыққа шығады. 1916-1919 жылдары мұғалім болады. 1919-1921 жылдары кеңес жұмысына орналасады. 1922 жылы С.Сейфуллиннің шақыруымен Орынборға келіп,баспасөз қызметіне араласады. 1923 жылы Қостанай қаласында «Ауыл» газетін шығаруға қатысады. 1925 жылдан 1934 жылға дейін республикалық баспасөздерде,баспа орындарында түрлі қызметтер атқарады. Жазушы, драматург Б.Майлин де 1938 жылы жазалау құрбанына айналады
Оқыса білім бұлағы,
Оқыса елдің ұланы,
Тірілтіп, елге жан бітіп,
Елі үшін жұмақ қылады.
***
Мәдениеттің негізгі белгілерінің бірі – өткен заманның мәдениетін тауыса зерттеу.
***
Мен ауылда өскен адаммын. Егін салып, шөп шауып, мал соңында салпақтаған Мырқымбайлардың бірімін.
***
Хат таныған соң өлеңге әуестік қозғалды. Баяғы мені оқытуға құмартқан үлкен шешем де өлеңге өте әуес адам еді, ескі қиссаларды тыңдап болып, бірер күрсініп алып өзі өлең айтар еді.
***
Хат таныған одан әрі кететін дәрмен менде болған жоқ. Жұмыс соңында салпақтап жүре бердім.
***
Мектеп, курс дегендерің біздің қолға тиген емес, жазудың соңына түсіп отырған кезім де жоқ, отыруға уақыт та жоқ. Мұршаң келгенде бір нәрсені жазған боласың, оны өңдеуге, кестесіне келтіруге көбіне уақыт жетпейді.
***
Бұл күнге дейін ұзақ әңгіме, өлең жаза алғаным жоқ, оның да басты себебінің бірі – жазуға арнайтын уақытымның аздығы, кеңсе жұмысының босатпайтындығы.