МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

(1885-1935)

Туған жері — Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы(қaзipri Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты “Қызбел” ауылы). Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді. 1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан “Серке” газетіне “Жастарға” деген өлеңін, бүркенпік атпен “Біздің мақсатымыз” деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының “Оян, қазақ!” атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды. 1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipre “Қазақ” газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол” газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Тумысында қанша зеректік болса да, ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді.

 ***

Оқудағы мақсат-жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру.

 ***

Тұманға кірді қалың біздің қазақ

 ***

Сол күніңді көрсем – менің арманым

 ***

 Совет үкіметіне қарсы күрес деп шуласып жүргендері – қазақ ұлтын өз бетінше өмір сүрсін деген мүддеден туған ниет қана. Өз отауымыз өзімізге бұйырсыншы дегеніміз.

 ***

 Қазақ Х ғасырдың ар жағында көп заман бұрын өзінің хандары болып, өзін-өзі билеген, ежелден қазақ атанған түркі жұртының бір тарауы.

 ***

 Алыстан «Алаш»десе, аттанамын
 Қазақпын, «Қазақ»десе мақтанамын.
 Болғанда әкем-қазақ, шешем-қазақ,
 Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

***

 Егер тарихты оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз. Қаһарлы істен қашпақшымыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз.

 ***

 Жоқты бар етуші барды жоқ етуге шамасы келеді.

 ***

 Халықта оқымаған адам қалмағаны жақсы. Бірақ жаңа низам бойынша жас балалар орыс кітаптарымен орысша оқып кетсе, тілін тез уақытта ұмытып, дінінен де айырылып қалу қаупі бар.

 ***

 Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесе де қосылмайды. Басқа білімді жұрттың екі жағы бірдей болған соң ойлаған ісін жарыққа шығарады. Біз әлі мұндай іске үйренгеніміз жоқ.

 ***

 Жүз айтсақ та бір тілек: надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз.

 ***

Біздің қазақ жайына келсек, әуелі бұл заманның өнер-білім заманы екені ойында да жоқ.

 ***

Енді біздің адам санына қосыла алуымыз үшін не керек?

Біздің ойымызша, бізге де осы өнерлі жұрт жүрген жолмен жүрмей болмас.

 ***

Біздің оқығандардың көбін орыс жолдастар білмейді.

 ***

 Заман бір қалыпта тұра бермейді. Әлі-ақ толық басылады. Су сабасына түседі. Сондықтан осындайда әр ел өз дегеніне жетіп, өз билігін өзі алып қалуға тиіс.

 ***

 Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білсе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.

 ***

 Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпайды.

 ***

 Қазақтың «Алаш» атанғаны хижреден алты жүз жыл өткеннен кейінгі Шыңғыс хан тұсында болды. Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Осылай «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің алғашқы мағынасы – Отан кісісі (соотечественник).

 ***

 Жер жүзіндегі жұрттың тілдері сонша көп екен, соларды түгел білмек түгілі қанша ғұмырын, қанша ақшасын сарп еткен кісілер 2-3 тілден артық біле алмайды.

 ***

 Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Ғылым, өнерімен асқандар білімімен өнерсіз, білімсіздерді жығып аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап, жұмысына жекпекші.

 ***

Біздегі негізгі бір зор адасқандық – өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік. Өзгеге сенбей, өлмес жағымызды өзіміз көздеп ойланып, қамдану керек емес пе?

 ***

Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз еді.

 ***

Шынын айтқанда бәріміз де күні кеше ұлтшыл емес пе едік. Қазақ оқығандарының ең әуелгі табы – ұлтшылдық емес пе еді?

 ***

Жұрт жақсы-жаман болса да бір нәрседен үлгі алады ғой.

 ***

Жалаңаш талаппен алысқа баруға болмайды.

 ***

Ел адамы түгілі егіздің сыңары бірдей болмайды.

 ***

 «Құдай өзі сақтар» деп құрғақ тілекпен отыра бердік. Құр тілек мұратқа жеткере ме? Жұрт боламын деген жұрттар не қылып жатыр? Соған ой жіберу керек.

 ***

 Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?

 ***

 Автономик болуымызға, мемлекет құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылар. Бірақ халық ойлану керек. Бүгінгісін емес, ілгерідегі күнін ойлауы керек.

 ***

 Орыстан басқа жұрттарға өз тілінде мекемелерге арыз жазуға, ауызекі мұңын шағуға болмайтын еді. Орыс тілінің базары көтерілді, күннен күнге қадыры артты. Азғантай оқыған шәлтіріктер кәдеге асып төре болды, түйме тақты, көкке қарады. Сөйтіп жұрттың көбі орыс тілін, орыс оқуын білімді, өнерлі болу мақсатымен үйренбей, дәреже алып төре болу үшін оқитын болады.

 ***

 Сот түзелмей, халық түзелмейді. Сол халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмесе сот емес, ол – сор.

 ***

Бұл заманда әскері жоқ жұрт-жұрт емес, құл.

 ***

 Ғұмыр болса, дәм жазса – ұлтымның келешегі үшін күш-жігерімді аямай еңбектене беруге борыштымын. Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын.

***

Қазаққа орысша, мұсылманша оқудың екеуі де керек. Біріне артықшылық, біріне кемшілік беру жаңсақ.

***

Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз –оқу