АСАНҚАЙҒЫ

(1361-1469)

Ол 1361-1469 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре — аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саяхатшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болуы жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Осындай ерен зор талантын байқаған Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхамед оны өзіне ақылгөй бас би етіп, сарайында ұстайды. Асан жырау сол Ұлұғ Мұхамедпен бірге талай-талай мәселелерді басқаруға, шешуге араласады. Ұлұғ Мұхамед өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. 1450 жылдан бастап Әбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де Асан би көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пәлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Сол тұстағы Жәнібек, Керей хандармен пікірлес; саясат ісіне араласып олардың ақылгөйі болады. 1456-60 жылдары Шу бойында қазақ ордасы құрылғанда Асан жырау жаңа орданың ұраншысы, абызы болады.

Описание

Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер.
Ерегісіп ұрыспа!
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Өзіңе біреу тимесе,
Кейін қарай жылыста.
Мінезі жаман адамға,
Енді қайтып жуыспа,
Тәуір көрген кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрысып,
Жөнге баспай тырысып,
Орынсыз жерде жем болма.
Ашу-дұшпан, артыңнан,
Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең қуысқа!

***

Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.

***

Әділдіктің белгісі,
Біле тұра бұрмаса.
Ақылдылықтың белгісі,
Өткен істі қумаса.
Жамандардың белгісі,
Жауға қарсы тұрмаса;
Залымдардың белгісі,
Бейбіттің малын ұрласа.

***

Надандардың белгісі,
Білгеннің тілін алмаса.
Шамаңа шалқып көре бер,
Қабірге әзір қоймаса.
Артыңда қалар атақ жоқ,
Тіріде даңқың болмаса.

***

Бұ заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар шын ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғарып.
Ата жұрты бұқара,
Өз қолыңда болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғарып.
Ғылымды хатим еткендер,
Мақсұтына жеткендер,
Жас кәрілер отырып,
Алдынан сабақ алмаса,
Қарамаса жүзіне,
Ғалым да болса ол ғарып,
Ердің құны сөз емес,
Есебін тапқан сабазға.
Төрден орын тимейді,
Патша болсын малы азға.
Мойнын бұрып сөз айтпас,
Көңілі қалған аразға.
Атадан алтау тудым деп,
Асқынып жауап айтпаңыз.
Алғаным асыл ару деп,
Күн шығарып жатпаңыз.
Атамның малы көп-ті деп,
Атты басқа тартпаңыз.
Есенінде, тіріде
Бір болыңыз біріңіз.
Ақыретке барғанда,
Хақ қасында тұрғанда,
Қыдырдың өзі болғай жарыңыз.

***

Есті көрсең кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп,
Көңіліңді салмағын.
Бақыты оянған ерлердің,
Әрбір ісі оң болар.
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да мол болар.
Тазылары түлкі алып.
Қаршығасы қаз іліп.
Сөз сөйлесе жөн болар.
Не десе де жарасар.
«Бай» , «байсың» деп ат қойып,
Ел аузына қарасар.
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа!
Күнінде өзім болам деп,
Кең пейілге таласпа!
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа!
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама!
Жеңемін деп біреуді,
Өтірік сөзбен қостама!
Сара жолдан жаңылған,
Ханға зират қазылмас,
Сөгілгелі тұр қабырғаң,
Кеселің бар жазылмас,
Тарқат, ханым, шеріңді,
Намазыңа асықпа.
Құрыштан берік елімді,
Алауыздықпен жасытпа!
Біреу өсірген қауынды,
Тұрсың босқа жарғалы.
Досыңнан іздеп жауыңды,
Тұрсың жалғыз қалғалы.
Ұмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жанды жарасын,
Бір атаның баласын,
екіге бөліп барасың!
Жолын, ханым, таппасаң,
Бүлінеді барлық жұрт.
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт…

***

Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсін?
Қырда жүрген дуадақ,
Су қадірін не білсін?
Ауылдағы жамандар,
Ер қадірін не білсін?
Көшіп-қонып жүрмеген,
Жер қадірін не білсін?
Көшсе қона білмеген,
Қонса көше білмеген,
Ақылына көнбеген,
Жұрт қадірін не білсін?

***

Екі Келес, бір Талас,
Бал татыған жерің-ай,
Ағайының аралас,
Тату екен елің-ай.
Желмаяға өңгертіп,
Алып кетер едім-ай,
Сыймаған соң алдыма,
Әттең, дүние, дедім-ай!-

 ***

Құйрығы жоқ, жалы жоқ — құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ — жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып — таздар қайтіп күн көрер,
Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер!?

* * *

Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп. …
Оны неге білмейсің?!
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің!?
Құладың құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі, —
Аққу — құстың төресі
Ен жайлап көлді жүр еді.
Аңдып жүрген көп дұспан
Елге жау боп келеді:
Құладын куды өлтірсе —
Өз басыңа келеді!
Құлың көп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?!
…Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің!?
…Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма, —
Мұны неге білмейсің!?
Қош, аман бол, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!