ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДИЕВ
(1858-1931)
Ш. Құдайбердиев 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тау бөктерінде, қазіргі Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен Омар, Мұртаза, Шаһмаржан, Шәкәрім туған. Ол – Абайдың немере інісі. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасынан хат таниды. Әкесі Құдайберді 1866 жылы отыз жеті жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады. Қазақ халқының бай әдеби мұрасына қоса, өзге жұрттың да әдебиетін жетік білген Шәкәрім көп тілді (араб, парсы, түрік, шағатай, орыс) меңгерген. Шәкәрімнің азамат ретінде қалыптасуында, Абай тәрбиесінің өзіндік орны бар. Оның өз заманының білімді де, парасатты азаматы дәрежесіне көтерілуіне Абай ерекше әсер еткен. 1904 жылы ұлы ұстазы Абайдың дүниеден өтуі Шәкәрім санасына, оның өмірге деген көзқарасына, шығармашылық болмысына ерекше өзгерістер әкеледі. Ағасы Абайға берген уәдесінің үдесінен шығу ниетімен 1905-06 жылы қажыға барып қайтады. Сапардағы уақытының көбін Стамбул, Бағдат, Мысыр кітапханаларындағы ғылыми мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған. Үлкен баласы Ахаттың естелігі бойынша ол Стамбул кітапханасында он үш күн отырады. Шәкәрім ел ортасының дау-дамайынан, айтыс-тартыстарынан, қаскөйлік пиғылдарынан түңіліп, ең алғаш рет 1909-10 жылдары оңаша елсізге кетіп, кітап оқу, жазумен шұғылданған. Шыңғыстағы Шақпақ тауының етегінде, өзі «Саят қора» деп атаған жерде еркін өмір сүріп, серуен құрып, шығармашылықпен айналысып, өзімен-өзі болады. Шәкәрім 1917 жылғы ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алады. «Бостандық таңы атты», «Бостандықтың туы жарқырап» деген өлеңдер жазады. Осы кезде «Алаш» партиясы құрылып, қазақ зиялылары Шәкәрім сияқты халық алдында беделді ақсақалды өз ортасына шақырады. Шәкәрім алашшылдар съезінің құрметті ақсақалы болады. Қазақ зиялыларының ақылшысына, кеңесшісіне айналады. 1917-25 жылдары аралығында Шәкәрім өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құптайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда оның тыныштық жағдайда өмір сүріп, шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына ойы таяз әсіре белсенділер мүмкіндік бермейді. Жетпіс екі жасқа қараған шағында Шәкәрім тағы да Шыңғыс тауына кетіп қалып, жалғыз тұрады. Сондықтан да жергілікті ГПУ-дың бастығы Шәкәрімге сенбейді, оның елсізде жалғыз жүруі сезікті ойға от береді. Өздері бандалар деп бағамдаған адамдарды ұстауға келе жатқан ГПУ бастығына аң аулап жүрген Шәкәрім кездеседі. Олар ақ-қарасын айырып жатпай, Шәкәрімді атып тастайды. Міне осылай 1931 жылы 20-қазанда ұлы ақын қайғылы қазаға ұшырайды.
Описание
***
Адамдық борыш, ат үшін,
Барша адамзат қамы үшін…
***
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмінен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.
***
Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан.
***
Жан сыры деп жазылған
Психология деген пән
***
Арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтануды білмейді және істемейді.
***
Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл.
***
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
***
Өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас.
***
Мақтанға салынба мансаптың тағы үшін,
Нәпсіге билетпе басыңның бағы үшін.
***
Сұрқия, залымдардың алма тілін,
Беті тұнық, асты лай, ол бір жылым…
Алаяқ сұмдарға ерсең болмас жолың.
***
Бірезу болма өзімшіл,
Мініңді тапса, кім сынап,
Аяғына, бар жығыл.
***
Қайрат етер мезгілде,
Жүк көтерер нардай бол.
Ақыл айтар мезгілде,
Мың жасаған шалдай бол…
***
Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр
***
Барлық ғылым қиялдан, ойлаудан туған.
***
Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық пен адалдық ақ жүректен шығады.
***
Адамның ең артығы – ерінбейтін, еңбекшіл, шыдамдысы.
***
Бақыт – махаббатпен бірлесіп еңбек қылғандар жағында.
***
Адал еңбек еткен ел-жұрттың – көңілі шат.
***
Әркім өзінің еккенін орады.
***
Бірлік пен талап бар жерде – еңбек те өнеді.
***
Арды ғылым түзейді.
***
Қиянат қылма адамға – таза еңбек істе заманға.
***
Құр білген керек емес – білгенді іс қылған керек.
***
Анық байлық – бойға біткен өнерің.
***
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос – өмірінде өкіндірмес қасиеттер осылар.
***
Бұл сапарда алар олжа да, шығар ұлан да бір елге, бір тапқа тимейді. Барша алаштың тілеуі ортақ болған соң, «қарыс-алыс, сүйем-жуықты» қойып, адал кірістіруіміз керек.
***
Әлихан Бөкейхан адам боп ат жалын тартып мінгелі «Қайтсем қазақтың ұшы ұзап, жаны жайылып, жатқа жем болмай, ел қатарына енеді екен» деп күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, шыбын жанын пида қылғаны жұртқа мәлім.
***
Екі өмірге де керекті іс – ұждан.
***
Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады.
***
Асыл ақиқатты ақыл көзімен көреді.
***
Асыл адам өзі және нәсілінің жақсылықта өсіп-өнуіне қам қылады. Бұл жаратылыстың берік жолы.
***
Дене өледі, өзгереді. Жан өлген емес. Жан қатты әсерленсе, денені қиыншылыққа түсіреді.
***
Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз.
***
Ұждан – жанның тілегі. Жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе.
***
Әнді хатпен ұғындыруға болмайды.
***
Қазақтың ескі жолы мақалмен айтылып мағыналырақ келеді.
***
Өзге жұрт қазақ жайын қанша білемін десе де, анық жете білмейді.
***
Білімсіз ел жас бала сықылды: бір жаңа нәрсе бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы.
***
Қазақтың дауын орыс судьясы бітіргенінің қолайсыздығын біз айтпасақ та тәмам қазақ біледі. Мысалы, қазақ көтере алмастай шығын, оның үстіне әдет-рәсімге теріс болып, көп қиыншылық залал болмақ.
***
Бұл туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бірақ ол жолы ұмытылған.
***
Қазақтың ескі жолының бірталайы шариғатқа да жанасады. Шариғат ешқашан тастай қатып қалмайды. Әр заманның ыңғайына қарай іс қылуға лайықтайды. Оны тастай қатыратын – шала молдалар.
***
Қазақ соты орыс сотындай жалған куә, өтірік жаланы жазасыз қалдырмайды. Өтірікке қайта жаза салады.
***
Егер сын дұрыс болса, бас иіп мойындау керек. Олар ондай жерде кек, өзімшілдік деген антұрғанға куә болмақ түгілі, мінін тапқанға мың рақмет айтады.
***
Алғашқы істен адамның жолы болса – талабы өспек, жолы болмай қалса – өшпек.
***
Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да ақжүрек туғыза алмайды: ақжүрек дегеніміз – ұждан, мұның қазақшасы – тәмам адам баласын ауырындай көріп, жаны ашып әділет қылу. Ақжүрек көбеймей адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру – ақжүрек (ұждан) ісі.
***
Адам заманының бұйрығымен ғұмыр кешірмек.
***
Қазақ заманы қалып, орысқа қарағаннан бері ілгері баспақ түгілі бұрынғыдан жаман кейін кеттік. Әуелі, өзіміздің бағынған патшамыздың жаулағаны бұрынғы тіршілігімізге қорған, елімізге ұйытқы болған бірлігіміз болды.
***
Дүниеде тәуелсіз іс бола ма?
***
Анық асық – әулие, кереметке сол ие.
***
Ескі дін молдалары қай дінде болса да жаратылыс жолының сырына шорқақ.
***
Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын.
***
Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де, сені көрмей мұсылман бола алмаймын.
***
Россия болса анасы, қазақ жап-жас баласы.
***
Әділ билік болмаса, халқыңды дерт алады.
***
Бойымызда бар тағылық.
***
Жер айналмай тұрмайды, дүние жай.
***
Қазақтың жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ.
***
Құры білген не керек, білгенді қылған со керек.
***
Біреудің мінін кешірсең, Құдай да сені кешіреді.
Бәрін де қылмай есірсең, төбеңді әлі теседі.
***
Мінелмеген түзелмейді.
***
Шығарманы аударған адам сол шығарманың барлық мазмұнын түсінумен қатар жазушының нәзік сезімін,
шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қандай рухта жазылғанын жақсы білу керек.
***
Оятқан мені ерте – Шығыс жыры.
***
Ескі ақын бізден әлі артық.
***
Есті адам тілін тыя алады. Бірақ, оның ойын ешкім тыя алмайды.
***
Сақ адам сандығын бекіте алады.
***
Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды.
***
Зор дұшпаннан қалай сақтансаң, ұсақ жауыңнан да солай сақтан.
***
Өнеріңді құр шірітпе, орнына анық жұмсамай,
Өкініші кетпес оның, өз ойыңда босқа өлер.
***
Талаптан да, білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл.
***
Үйренсе білім менен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
***
Осынша өнер тауып асқан – адам,
Әлемнің қиын сырын ашар – адам.
***
Құмарың – бір, ісің – көп болсын.
***
Мен де соққы жедім деп сұм дүниеден,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам: көрген бейнет, тартқан қайғы,
Болыпты бір біреуден, не өзімнен.
***
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
«Дүние – алдамшы, өмір – қу» деп елірме.
Қамдан, сақтан, қалғып бақ, бәле келсе,
«Бәрін құдай қылады» дегенге ерме.
***
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
***
Мін болмайды наданның қорлағаны.
***
Өнері жоқ өсекші ел жамандар,
Өтірік пе, рас па- көрмей ішін.
***
Кім айтса да, алдымен ақылыңа сынатып ал.
***
Тегіс тексер сөз көрсең сыр мен сынын,
Түзетуге именбе, тапсаң мінін.
***
Көрінгенге көз сүзбек күнін көріп,
Қазақ қашан ел болар, құдайым – ай.
***
Қор болар үйде отырып өскен адам,
Қиялап қиын жерде сол озады,
Көп жол көріп, басына іс түскен адам.
***
Анық байлық – бойға біткен өнерің.
***
Байлық жақсы екені елге мәлім,
Өзің істеп әдет қыл, келсе халің.
Қолың білсе біреуге жалынбайсың,
Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.
***
Арамнан жиған бос мақтан дәулет емес.
***
Менің елден басқа қайғым жоқ.
***
Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт.
***
Бұл елдің күн көргені өтірік ант,
Қазаққа алдау деген болды ғой салт.
***
Тиянақ көрме жалғанды.
***
Қайғылы көңіл қашанда қабағын ашпас салбырап.
***
Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,
Білім білген әр істе шебер болмақ.
Қол өнерден пайда қыл үйреніп ап,
Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ.
***
Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,
Арамдық, өтіріктен ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа,
Есер, есірік, ынжықтық солар жақтан.
***
Күш, білім, шеберлік істеген істен танылады.
***
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын – еш діннің мақсаты жоқ мұнан асқан.
***
Ешбір дін дұшпан бол демейді.
***
Ұждан – екі өмірдің азығы
***
Дін тазасын ой табар.
***
Доссыз өмір – шоғы жоқ қара көмір.
***
Тіл – бұлбұл, сөз – бұлақ.
***
Қиянат қылма адамға, таза еңбек істе заманға.
***
Бақ келсе – аспа, сор келсе- саспа.
***
Өткен күнді жоқтама.
***
Әр іске ақыл сыншы.
***
Жаратылыстың негізі – қозғалыс.
***
Рух – таза ақыл.
***
Мейірім, ынсап, әділет,
Шыдам, шыншыл, харакет,
Түп қазығы -ақ ниет.
***
Жүрегіңді нұрмен жу.
***
Бұрынғы – шын бар, бүгінгі- шын бар, ертеңгі – шын бар
***
Анық ғашық – әулие.
***
Атағы шыққан жақсыға, ақылды байлап қылма құл
***
Дүниедегі қуаныш – бір азғантай жұбаныш.
***
Ғибрат алар артыңа із қалдырған – шын бақыт осы.
***
Ел бастар жастар жай жатпауы керек.
***
Қазақтың жайнар даласы, жетілер оқып баласы.
Шошытатын мені сол – олардың күндес, таласы.
***
Наданның көзі – соқыр, көңілі – көр.
***
Заманына байлаулы менің басым.
***
Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен қараймын: мұным – пішініммен айтқан өтірік.
***
Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын: сөйтіп жүріп адам атануға ұялмаймын.
***
Адамдар мал – мақтан үшін соғысып,
өзі жек көретін өлімге жан тапсырады.
***
Бастағы көз жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды.
***
Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл.
***
Ешкімге ерік қақпасы ашылған емес.
***
Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл гүл
соларын білгенде зарламай қайтсін?
***
Егер ақылым да, жаным да менімен бірге жоғалатын болса,
онда мен жанып-өшкен от қанамын; дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.
***
Терең ой, түзу тәрбиесі бар адам ғайыптан хабар береді – әулие деген сол болса керек.
***
Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын: осынша тәтті көретін өмірден гөрі татпай тұрып ащы деген өлім жақсы болса керек.
***
Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, сен мені неге күндейсің? Мені – сен, сені мен жаратқаным жоқпын қой.
***
Адам баласы зиянкес болғандықтан ғана талай зиянды іс істеледі.
***
Адам топ әскерді алдап өлімге апара алса да, өз бойындағы зұлымдықтан арылуға шамасы жетпейді.
***
Жоқтық егіндігіне бір бидай еге алмасаң, бүкіл қырманнан бір арпа ала алмассың.
***
Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады», – дейді. Өтірік айтады. Неге десеңіз: жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек.
***
Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса, қуаныш анда- санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді- бұл неліктен? Бұл – адам баласының қиянаты, көптігінен, мейірімінің аздығынан.
***
Зор дұшпаннан қандай сақтансаң, ұсақ жаудан сондай сақтан.
***
Арыстан керенау келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шағады: уыты аса зиянды.
***
Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
***
Мен жастықта балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ деп білдім. Одан әрі адамшылық атты баққа қыметкер болдым. Ақырында баққа құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды. Енді ойласам: өлмегім хақ. Жә, сол бақтарының ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам, жас бала күнімдегі бағымнан артығы жоқ. Себебі – қайғы да жоқ, ар – иманнан тайғызатын ісі де жоқ.
***
Шын бақ ата – ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде.
***
Барлық ғылым қиялдан, ойлаудан туған.
***
Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл – бір. Екінші – сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.
***
Қиялдың да шегі бар.
***
Өмір – тіршіліктің таласы.
***
Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулер үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі дейді. Ал енді біреулер оқу – біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деп ойлайды. Тағы біреулер бай- кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулер тәрбиемен түзеуге болады дейді. Біздіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.
***
Адам өмірін түзеу, барлық адамдар тату тұру үшін негізгі керек – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл.
***
Оқу – білім үйренген адам өнерлі келетіні рас. Бірақ оны қандай іске, қай мақсатқа жұмсамақ? Үйренген ғылымымен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарға аң есебінде оқ атып, әлсізді құл етіп, жердің бетін адам қанына бөктірушілер де бар ғой! Ең өнерлі, білімдіге саналатын Америка, Англия елдеріне қараңыз.
***
Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектікке, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол.
***
Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық пен адалдық ақ жүректен шығады.
***
Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді.
***
Нәпсі, өзімшілдік пен мақтан, шексіз көп жаман әдеттер туғызады.
***
Әкімшілік басында арлы, ақылды адамдар отыруы керек.
***
Көп талқысы – аққан сел.
***
Білім беру саласында «ар білімі» деген білім оқытылуға тиіс деп ойлаймын.
***
Бет сұлулығы – тән сыйы емес пе, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екенінде дау жоқ. Бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды, ал сөз бен ән сұлулығын танушы аз.
***
Жүсіп: Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен сезінгейсіз.
***
Адамда екі түрлі мақсат болады: бірі – тән мақсаты, екіншісі – жан мақсаты.
***
Басына ауыр қайғы түскен кісі адамның ең сорлысы өзі деп ойлайды.
***
Адамның ең артығы – ерінбейтін, еңбекшіл, шыдамдысы.
***
Тырнақтап жиған арам ақшаға тырнағыңды былғау да арам.
***
Әйелдің құдай қосқан қосағынан жақыны болмайды.
***
Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.
***
Арды ғылым түзейді.
***
Адам еркін байлауды ар сүймейді.
***
Тату тұрған адамға дүние кең.
***
Адамның адал ұлы болам десең, алдымен нәпсіңді тый.
***
Заманды себеп билейді.
***
Бірлік пен талап бар жерде еңбек те өнеді.
***
Адамның санасын ар түзейді.
***
Ақ жүрек пен адал еңбек шешпейтін әлемнің таласы жоқ.
***
Адамды нәпсінің таласы бұзады.
***
Бақыт махаббатпен бірлесіп еңбек қылғандар жағында.
***
Адал еңбек еткен ел-жұрттың көңілі шат.
***
Жылылық, жарық нұрын беріп, сездірген атам – Күн шебер.
Балына қосып уын беріп, өсірген анам – Қара жер.
***
Анық азат адам болмайды.
***
Заманды жаратылыс билейді.
***
Өмірді өлім тұсайды.
***
Өзімшіл болма, көпті ардақта.
***
Жас өмір – өткен той.
***
Өлсең, үніңді шығармай өл.
***
Заман сипаты:
Мына заман қай заман, қаскүнемге жай заман.
Араздық пен өсекке, өлшеуі жоқ бай заман.
***
Әркім өзінің еккенін орады.
***
Шымылдық артын шын иесі біледі.
***
Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі болады.
***
Назасы нақақ жастың қате кетпес.
***
Ғашық болып іздеген бес нәрсем бар: олар – махаббат, әділет пен таза жүрек, бостандық, терең ғылым.
***
Сынған көңілді жамаған сынықшының құлымын
***
Өмір тоқтамас, адамзат жаңарар